Кеншоқы ауылдық округінде спорт кешені ашылды

Кеншоқы ауылдық округінде спорт кешені ашылды

Футзал, жекпе-жек немесе тренажер залы: енді Шет ауданының Нұра ауылының тұрғындары өздеріне ұнаған спорт түрін таңдай алады. Мұнда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, оны спортшылар ғана емес, барлық ниет білдірушілер жыл бойы пайдалана алады. Кешен 200 орынға есептелген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Шет ауданында болды.
— Сіздерді жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы тау-кен өндіруші кәсіпорындарға өздері жұмыс істейтін елді мекендерде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Sary-Arka Copper Processing компаниясы бұл бастаманы қолдап, ауыл үшін заманауи спорт кешенін салды. Жабдықталу деңгейі мен сапасы жағынан ол қалалық нысандардан кем түспейді. Біздің жоспарымызда өңірдің басқа ауылдарында да осындай спорт нысандарын салу бар. Бұл ғимаратты стандарт ретінде алатын боламыз, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Екі қабатты ғимарат жаттығу нысандарына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жобаланған және бірнеше бағыт бойынша қатар жаттығу өткізуге мүмкіндік береді. Бірінші қабатта футзалға арналған әмбебап зал орналасқан. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бөлек киім ауыстыратын бөлмелер, жуыну кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және қосымша кабинеттер қарастырылған. Мұнда жаттығу өткізіп қана қоймай, турнирлер ұйымдастыруға да болады.
Екінші қабат күштік жаттығулар мен жекпе-жекке, оның ішінде бокс пен күреске арналған мамандандырылған залдармен жабдықталған, сондай-ақ тренажерлары бар жеке фитнес-зал бар.
Өңір басшысының жұмыс сапары «Алмалы» кен орнында жалғасты. Мұнда ол Sary-Arka Copper Processing зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын озық экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, жоғары тазалықтағы катодты мыс өндіруге маманданған. Кәсіпорын директоры Асхат Мұқажанов облыс әкіміне негізгі өндірістік процестер мен өндірісті одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндады. Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді.