
Шет ауданының білім саласы тағы бір айтулы жеңіспен толықты. Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10 «В» сынып оқушысы Демесинова Айғаным Бақытжанқызы ғылыми жобалар байқауында үздік шығып, ауданымыздың намысын республикалық деңгейде қорғауға мүмкіндік алды.
Республика бойынша 5000-нан астам үміткер қатысқан додада Айғаным қазақ тілі пәні бағытында 91 ұпай жинап, іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтті. Айта кетерлігі, Айғаным — бұл сында Шет ауданы бойынша республикалық кезеңге жолдама алған жалғыз оқушы.
Шәкірттің бұл жетістігіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, п.ғ магистрі, педагог-шебер Б.А. Тусупханованың қосқан үлесі зор. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен жүйелі жұмысы жобаның өзектілігі мен практикалық маңызын жоғары деңгейде дәлелдеп шықты.
Байқаудың қорытынды республикалық кезеңі 2026 жылдың 17–20 ақпан аралығында Қарағанды қаласында өтеді.
Аудан мақтанышына айналған жас зерттеушіге сәттілік тілейміз! Білімді ұрпақ — ел болашағының тірегі.