Жедел ден қою үшін: Шет ауданында заманауи өрт сөндіру бөлімі ашылды

Жедел ден қою үшін: Шет ауданында заманауи өрт сөндіру бөлімі ашылды

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімі өз жұмысын бастады. Бөлім заманауи техникамен, арнайы автокөліктермен және жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл құтқарушыларға төтенше жағдайларға, соның ішінде шалғайдағы елді мекендерде де жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
— Өрт сөндірушілер әрдайым алғашқы болып көмекке келеді. Олардың дайындық деңгейі мен жабдықталуы — қауіпсіздіктің кепілі. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен еуропалық өндірістегі 59 жиынтық жауынгерлік киім, бес жиынтық гидравликалық апаттық-құтқару құралдары, радиостанциялар, спутниктік телефондар, бейнетіркегіштер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, өрт сөндіру жеңдері және тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынды. Басты мақсатымыз — әрбір тұрғынға сенімді қорғаныс сезімін беру, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
№14 өрт сөндіру бөлімі материалдық-техникалық базасын толық жаңартты. Көктемде нысанға іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған. Бөлімнің әмбебаптығына ерекше мән берілген: өрт сөндірушілер тек өртті сөндірумен ғана емес, апаттық-құтқару, іздестіру және алдын алу шараларын да жүргізеді.
— Шет ауданындағы барлық тұрғындарды жаңа бөлімнің ашылуымен құттықтаймын. Бұл жобаны облыс әкімдігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және ТЖД қызметкерлері бірлесіп жүзеге асырды. Жаңартылған формат тиімді әрі алдағы уақытта өзге аудандарда да қолданылады. Барлық жұмыстар қызмет сапасын арттыруға бағытталған, — деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Салтанатты ашылу кезінде бөлімге алты Toyota Hilux жедел-қызметтік автокөлігі, екі «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын-батпақты техникасы және бір реанимобиль табысталды.
Аймақтағы құтқару қызметін қайта жарақтандыру жұмыстары барлық бөлімшелер заманауи стандарттарға сәйкес толық жабдықталғанға дейін жалғасады. Биыл сондай-ақ АЛ-55 үлгісіндегі екі автосаты жеткізілуі жоспарланып отыр, бұл өрт сөндіру бөлімдерінің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.