
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.К. Қалықов және Б.Ә.Смағұлов жұмыс сапарымен Шет ауданына келді. Сапар барысында депутаттарды аудан әкімі М. Мұхтаров және Шет аудандық мәслихатының төрағасы С. Социал қарсы алып, аудан аумағында атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық даму жұмыстары туралы ақпарат ұсынды.
Жұмыс сапары аясында депутаттар аудан орталығындағы Құмжон көшесінде орналасқан таунхаус үлгісіндегі тұрғын үйлерге барып, тұрғын үй құрылысының сапасы мен тұрғындар үшін жасалған жағдайлармен танысты. Сонымен қатар, бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДСCК) құрылыс барысы қаралып, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, депутаттар пайдалануға берілген «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектеп (РО) жанындағы интернаты білім беру нысанына барып, оқу процесін ұйымдастыру деңгейімен, материалдық-техникалық базасымен және оқушыларға жасалған қолайлы жағдайлармен танысты. Аталған мектептің ашылуы аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік оқиға екені атап өтілді.
Жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандардың тиімді қызмет етуі, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.