ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ақсу-Аюлы ауылы тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Ашып айтқанда жаңа жыл қарсаңында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи мектеп өз есігін айқара ашты. Аталмыш іс - шарада облыс әкімі Е.Бөлекпаев өз лебізін онлайн форматта жеткізсе, аудан әкімі М.Мұхтаров ұстаздар мен оқушылар қуанышына арнайы барып ортақтасты.
Айта кету керек, 300 орынға арналған білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Кең әрі жарық кабинеттер заманауи, эргономикалық жиһазбен жабдықталған. Мұнда асхана, кітапхана, акт және спорт залдары бар. Сондай-ақ STEM-зертхана, жаратылыстану- математикалық бағыттағы сыныптар, робототехника мен графикалық дизайн кабинеттері, түрлі үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер жұмыс істейді. Мектепке жасанды интеллект
технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған.
Білім ордасы қауіпсіздік тұрғысынан да заманауи талаптарға сай. Мұнда полициямен тікелей байланыс орнатуға арналған дабыл түймелері қойылған. Олар бейнекамералармен жабдықталған, бұл төтенше жағдайда ахуалды жедел анықтап, тез әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мектептің ерекшелігі - бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктардың болуы. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де барлық жағдай қарастырылған: бірінші және екінші қабатты байланыстыратын лифт орнатылған.