
Бахрейн Корольдігінің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындарында жерлестеріміз ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, Ақадыр кентінің тумасы, дарынды спортшы Еркен Бекәлі дзюдо күресінен 66 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, алтын медальді жеңіп алды. Ол Бахрейн төрінде еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқатты.
Сонымен қатар, Ақжал кентіндегі Батталова мектебінің 10-сынып оқушысы, Қазақстан жасөспірімдер қыздар құрамасының мүшесі Айша Алтай дзюдо бойынша 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды.
Бұл — жас спортшы үшін ғана емес, бүкіл ауданымыз үшін зор жетістік.
Жерлестеріміздің бұл жеңістері — еліміздің спорт саласындағы әлеуетінің, жастардың ерік-жігері мен еңбегінің нәтижесі. Олар өз табыстарымен ауданымыздың атын әлемдік ареналарда танытып, өскелең ұрпаққа үлгі бола білді.