МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ АУДАНЫМЫЗДА

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ АУДАНЫМЫЗДА

Бүгін Шет ауданына Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында ол ауданға қарасты Красная поляна ауылында салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен және жаңа өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, жаңадан салынған ауыл әкімдігі ғимаратында болып, қайта жаңғыртудан өткен мәдениет үйінің ішін және тарихи-өлкетану мұражайын аралап көрді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айқындалған міндеттердің өңірде орындалу барысын бағамдап, алдағы атқарылар жұмыстарды нақтылау болды. Осы мақсатта Красная поляна ауылында аудан тұрғындарымен кездесті.

Айтулы кездесуге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ә.Әлденей, Шет аудандық мәслихатының депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен аудан активі қатысты.

Жиында аудан әкімі М.Мұхтаров өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру тақырыбында аудандық мәслихат депутаты, «Нова Цинк» кен орнының сервистік қызмет көрсету және жөндеу директоры М.Нөкеш сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы саласын сапалы дамыту мен ресурстарды тиімді пайдалану бағытында «Шерубай су» ЖШС директоры, шаруа қожалық басшысы С. Шибанов өз кәсіпорнының жұмысы мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Ал білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұстаз Г. Түсіпова баяндама жасады.

Жиынды қорытындылай келе, Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Президент Жолдауында айтылған басым бағыттарды өңірлерде тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып өтті.