Аудан әкімі М.Мұхтаров еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай өлкеміздегі ақпарат айдынында қажырлы қызмет атқарып жүрген бір топ азаматтарды жеке қабылдап, ізгі ілтипаты мен құрметін көрсетті. Айтулы жүздесуде ауданның БАҚ -ы саласындағы ардагер аға буын мен мәдени-қоғамдық іс - шараларға белсене араласып, сан алуан тақырыпта тартымды материалдар дайындап, журналистік шеберлігімен оқырман жүрегіне жол таба білгені үшін жергілікті «Шет шұғыласы» газеті қызметкерлеріне аудан әкімінің алғыс хаттары мен мерекелік сыйлықтарын табыстады. Сондай - ақ, аудан басшысының құрметіне ие болған БАҚ өкілдері мен сала ардагерлері де өз ықыластарын білдіріп, журналистер қауымы атынан ізгі тілектерін жеткізді. Салтанатты жиын соңында дәстүрлі әнші Еркебұлан Ахметов әуезді әнімен мереке иелеріне әннен шашу шашты.