21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Мәдениет – мәңгілік елдің іргетасы» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараның алғы сөзін сөйлеген аудан әкімі М.Мұхтаров мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, бір топ сала қызметкерлеріне «құрмет грамоталары» мен Алғыс хаттар табыстады. Сондай – ақ, аудандық мәслихат төрағасы С.Социал мәдениет саласында түрлі қызметтерде үздік танылып жүрген жандарға аудан әкімінің қаржылай сертификаттары мен номинацияларын салтанатты түрде табыс етті. Құрмет пен қошеметке көмкерілген сала мамандарына ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы А.Ахметовте ізгі лебізін білдіріп, гүл шоқтарын таратты. Салтанатты жиынның ресми бөлігі ҚР мәдениет саласының үздігі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертану докторы Амангелді Күзеубайдың «Ән бесігім – Сарыарқа» атты шығармашылық концертімен жалғасты. Айтулы концертте Рамазан Стамғазиев бастаған өнер жұлдыздары да әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.