Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді орденмен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді орденмен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді «Барыс» I дәрежелі орденімен марапаттады, деп хабарлайды Arnapress.kz Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысы Головкиннің World Boxing халықаралық федерациясының президенті ретінде үлкен міндеттерді атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтап, бұл шешім әйгілі спортшының әлемдік бокстың дамуына қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз беделінің мойындалуы екенін атап өтті.

«Сіз шынымен де әлемдік спорттың дамуына үлкен үлес қостыңыз, қазақ боксы мектебінің бай дәстүрлерін лайықты түрде танытып, Қазақстанның бокс державасы ретіндегі мойындалуына ықпал еттіңіз. Сіздің жолыңыз көптеген жарқын жеңістермен өрнектелген. Бұл – рухтың күші, табандылық пен тәртіп тарихы, ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде миллиондаған жастарға шабыт береді. Сөзсіз, Сіздің атыңыз әлемдік бокс тарихына алтын әріппен жазылды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы атақты спортшының Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті президенті ретіндегі қызметіне жоғары баға берді. 

«Сіздің басқару саласындағы жетістіктеріңіз ерекше мақтауға лайық. Сіздің спорттағы еңбегіңізді ескере отырып, мен Сіздің кандидатураңызды Ұлттық олимпиада комитеті президенті лауазымына ұсындым. Сіз қысқа мерзім ішінде барлық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялармен бірлесе отырып үлкен жұмыс атқардыңыз. Халықаралық олимпиада комитетімен тиімді ынтымақтастық орната алдыңыз. Біз Сізге осы еңбегіңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, Геннадий Головкинге World Boxing ұйымының басшысы ретінде үлкен міндеттерді шешу қажет болады. 

«Қазір Сіздің спорттағы қызметіңізде жаңа кезең басталды. Сіз World Boxing – халықаралық жаңа бокс федерациясының президенті болып сайландыңыз. Бұл – үлкен жұмыс, енді ғана басталды. Айта кету керек, Қазақстан өкілі алғаш рет жаһандық спорт ұйымының тізгінін ұстап отыр. Сіздің кәсіби көзқарасыңыз бұл ұйымды жаңа деңгейге көтеріп, бокстың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін», – деп атап өтті ол.

Геннадий Головкин Мемлекет басшысына жоғары бағасы, сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты. Ол боксты әрі қарай дамыту және оның Қазақстандағы әрі халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бар күшін жұмсай беретінін атап өтті.