Нұрын ауданының мектеп оқушысы «Мың бала» республикалық жобасының жеңімпазы атанды.

Нұрын ауданының мектеп оқушысы «Мың бала» республикалық жобасының жеңімпазы атанды.

Қарағанды облысын «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасында Нұрын ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің 11-сынып оқушысы Яна Приб лайықты түрде таныстырды. Оның жоғары дайындық деңгейі, әртістігі мен сахналық мәдениеті қазылар алқасын тәнті етсе, шығармашылық өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.

Биылғы байқау ұлы Абайдың туғанына 180 жыл және көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.

Яна Приб «Өнерің өрге жүзер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алдымен әлеуметтік желілерде Абайдың 180 жылдығына арналған челлендж жарияланды. Қатысушыларға оның шығармаларын көркем түрде оқу ұсынылды. Яна Абайдың өлеңін жатқа оқыған бейнежазба ең көп лайк жинап, ол өңірлік кезеңнің жеңімпазы атанды. Республикалық кезеңге жолдама алған 11-сынып оқушысы «Өнерің өрге жүзер» номинациясы бойынша Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін гитарамен орындап шықты. Байқаудың қорытынды кезеңі гала-концерт форматында өтіп, қатысушылар марапатталды.

«Сахнаға шығар алдында қатты толқыдым, өйткені бұл менің үлкен сахнадағы алғашқы тәжірибем болды. Бірақ бұл байқау мен үшін маңызды қадамға айналды, жаңа эмоциялар мен сенімділік сыйлады. Маған байқау өте ұнады – ол әртүрлі ұлт өкілдерінен шыққан балаларды біріктіреді, қазақ халқының мәдениетімен таныстырады және бір-бірінің дәстүріне құрметпен қарауға үйретеді. Сонымен қатар, дарынды балалардың өзін көрсетуіне мүмкіндік беріп, шабыттандырады», – дейді Яна.

Байқауға қатысу – Яна үшін үлкен тәжірибе болды. Оны Нұра ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Оспанова дайындаған.

 

– Янаның мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыласы зор. Дәл осы ынтасының арқасында ол жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр деп ойлаймын. «Мың бала» жобасы ауыл мен қала мектептері оқушыларына тең мүмкіндік береді, – деді Айгүл Оспанова.

 

Аталған жоба қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытқан жастарды қолдауға бағытталған.