Қарағанды облысындағы қонақүйлер әр шетелдік турист үшін 15 мың теңге ала алады

Қарағанды облысындағы қонақүйлер әр шетелдік турист үшін 15 мың теңге ала алады

Қонақүйлер мен туроператорлар үшін шетелдік туристермен жұмыс істеу қонақтарды орналастыру мен туристік қызмет көрсетуден бөлек, қосымша табыс әкелуі мүмкін. Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың арқасында қонақүйлерде кемінде төрт күн, үш түн тұрған және eQonaq жүйесінде міндетті түрде тіркелген әр шетелдік турист үшін 15 мың теңге төленеді.

Төлем алу үшін қонақүй шетелдік қонақ туралы мәліметтерді eQonaq ақпараттық жүйесіне уақытылы енгізіп, қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Бұдан кейін құжаттар топтамасын комиссия қарайды, ал уәкілетті орган – туризм басқармасы төлем жасау туралы шешім қабылдайды.

— Қонақүйлерде кемінде төрт күн, үш түн тұрған әр шетелдік турист үшін мемлекет 15 мың теңге төлейді. Уәкілетті орган – туризм басқармасы. Кәсіпкерлер бізге қажетті құжаттар топтамасын ұсынады, комиссия оны қарап, әр шетелдік турист үшін төлем жүргізеді. Туроператорлар мен қонақүй бизнесі тарапынан мәліметтердің базаға уақытылы енгізілуі маңызды, – деп түсіндірді Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Бұл ретте шетелдік туристің өзіне eQonaq жүйесінде жеке тіркелуіне қажет жоқ. Қонақүйге орналасқаннан кейін қажетті мәліметтерді жүйеге қонақүй қызметкері енгізеді. Яғни бизнеске көрсетілетін қосымша мемлекеттік қолдау қонақүйдің шетелдік қонақтың келгені туралы ақпаратты жүйеге дұрыс әрі уақтылы енгізіп, оның қонақүйде тұрғанын растауына байланысты.

eQonaq жүйесі туристерді есепке алу үшін ғана пайдаланылмайды. Ол мемлекеттік органдарға келу туризмінің жалпы көрінісін көруге мүмкіндік береді: өңірге қанша шетелдік келгенін, олардың қай елдерден келгенін және қандай аумақтарға барғанын анықтауға болады. Платформа Туризм және спорт министрлігі, Ішкі істер министрлігі, көші-қон қызметі, полиция департаменті және туризм басқармасының деректерін біріктіреді.

— Бүгінде жүйе көші-қон процестерін реттеуге, бізге қанша шетелдіктің келетінін және олардың қай өңірлерге баратынын көруге мүмкіндік береді. Бұл туристік ағынды түсіну үшін де, қажетті жағдайлар жасап, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет, – дейді Ирина Любарская.

Өңірге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын статистика да көрсетеді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысына 2 мыңнан сәл астам шетелдік азамат келсе, 2026 жылдың осы кезеңінде олардың саны 3148 адамға дейін өскен.