Migration.enbek.kz порталында азаматтарға қоныс аудармай тұрып-ақ ерікті түрде көшу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін алдын ала бағалауға көмектесетін жаңа цифрлық сервис іске қосылды.
Пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, ондағы қолжетімді бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға қарастырылған өзге де мүмкіндіктер туралы өзекті ақпарат ала алады.
Платформада өңірлік еңбек нарығының сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отыратын сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бұл жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін алдын ала бағалап, өз біліктілігі жоғары сұранысқа ие болатын өңірді таңдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта төмендегі бағыттар бойынша мамандарға сұраныс жоғары:
* денсаулық сақтау – дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да медицина қызметкерлері;
* білім беру – мұғалімдер, тәрбиешілер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;
* инженерлік-техникалық мамандықтар – түрлі бейіндегі инженерлер;
* ауыл шаруашылығы – агрономдар, ветеринарлар және басқа да салалық мамандар;
* көлік саласы – механизаторлар, тракторшылар, жүргізушілер;
* жұмысшы мамандықтары – электр монтерлері, электриктер, дәнекерлеушілер, токарьлар;
* құрылыс саласы – кірпіш қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар, әрлеушілер;
* басқару және әлеуметтік сала – бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.
Сонымен қатар порталдың интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау нысандары туралы мәліметтер, сондай-ақ кеңес алуға арналған байланыс деректері орналастырылған. Бұл қоныс аударуға дайындық үдерісін барынша түсінікті әрі қолайлы етеді.
Жаңа цифрлық сервис мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, азаматтарды сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуге және тұрғылықты жерін ауыстыру жөнінде жан-жақты ойластырылған шешім қабылдауға жәрдемдесуге бағытталған.
2026 жылға арналған ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары айқындалды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша