
Қарағанды облысында әділет саласындағы цифрлық сервистер тұрғындардың күнделікті өміріне еніп, құқықтық қызметтерді қолжетімді етуде. Қазір азаматтар сенімхаттарды бейнебайланыс арқылы рәсімдеп, заңгерлік кеңесті онлайн ала алады, сондай-ақ сот орындаушысына бармай-ақ берешектерін өтей алады.
Өткен жылы өңірде алты мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың көп бөлігі электрондық форматта жүзеге асырылды.

Цифрлық трансформация — әділет органдарының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыт азаматтар мен бизнестің әкімшілік рәсімдерге кететін уақытын азайтып, жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Қарағанды облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Данияр Байділдин.
Цифрлық қызметтердің негізгі құралдарының қатарында E-ZanKomegi бірыңғай ақпараттық жүйесі мен Zan Komegi мобильді қосымшасы бар. Аталған платформалар арқылы азаматтар қашықтан, соның ішінде бейнебайланыс арқылы да заңгерлік кеңес ала алады.
— Қазіргі цифрлық сервистер құқықтық қызметтерді азаматтар үшін тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан түсінікті әрі қолжетімді етті. Нәтижесінде тұрғындар артық уақыт пен қаржы жұмсамай, өз елді мекенінен шықпай-ақ құқықтық көмек ала алады, — деді Данияр Байділдин.
Өңірде онлайн нотариаттық қызметтер де қарқынды дамып келеді. «Е-нотариат» жүйесі арқылы тұрғындар сенімхаттарды және ерлі-зайыптылардың келісімдерін қашықтан рәсімдей алады. Қызметтердің қауіпсіздігі биометриялық сәйкестендіру, QR-қолтаңба және eGov Mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру да қарқынды жүргізілуде. 2026 жылы «Сот орындаушы-робот» функционалы кеңейіп, жеңілдетілген цифрлық өндіріс аясында қаралатын әкімшілік айыппұлдар бойынша берешек шегі артты.
— Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бастап азаматтарды хабардар етуге дейінгі барлық процестер онлайн форматта, СМС және eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар арқылы жүзеге асырылады. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып, қызмет көрсету мерзімдерін қысқартты. Сот орындаушы бес күн ішінде жауап беруге міндетті, ал басқа сервистерде бұл процесс 20 күнге дейін созылуы мүмкін, — деп атап өтті спикер.
Облыста «Құқық кабинеті» жобасы да іске асырылуда. Оның аясында ауыл тұрғындары әкімдіктерде, мәдениет үйлерінде, мектептер мен кітапханаларда орналасқан кабинеттер арқылы жергілікті жерде заңгерлік кеңес ала алады. Кабинеттер eGov, e-Otinish, «Ашық НҚА», «Әділет» ақпараттық жүйелері және «Заң» дерекқорына қосылған.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы Қарағанды облысында «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді» акциялары, тегін құқықтық көмек күндері және ауылдық округтерде көшпелі кездесулер ұйымдастырылмақ.