
Қарағанды облысының колледж студенттері мамандықтарды тек аудиторияда ғана емес, шынайы жұмыс орнына барынша жақын жағдайларда меңгеріп келеді. Қарағанды технология және сервис колледжінде «Cofee time» деп аталатын жаңа форматтағы студенттік кеңістік ашылды. Мұнда «тамақтануды ұйымдастыру» мамандығының білім алушылары теориялық білімді бірден тәжірибеге айналдыра алады.

Үшінші курс студенті Расул Советов жаңа бистроның жұмысына қатысып, оқумен қатар тәжірибе жинақтап жүр. Ол келушілерді дәмді кофе және жылы шыраймен қарсы алуға дайын екенін айтады. Расулдың сөзінше, колледждегі білім беру үдерісі мықты тәжірибелік базамен қамтамасыз етілген. Алған білімінің арқасында ол ерте еңбек жолын бастап, қаладағы кофеханалардың бірінде екі жылдан астам уақыттан бері бариста болып жұмыс істеп келеді.
— Біздің оқытушыларымыз да, материалдық-техникалық базамыз да өте жақсы деңгейде. Заманауи жабдықтар кәсіби мекемелердегідей дағды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мына кофе машинасы тіпті кейбір кофеханалардағыдан да сапалы, — дейді Расул.

Жаңа бистроның ашылуы кәсіби бағдар беру және тәжірибеге негізделген оқытуды жүзеге асыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Мақсат — студенттер үшін тек жайлы демалыс орны емес, қызмет көрсету саласы мен кулинария бағытында шеберліктерін дамыта алатын заманауи әрі қолайлы алаң қалыптастыру. Бистроның мәзірінде студенттердің өз қолымен әзірленетін авторлық сусындар мен десерттер бар. Сондай-ақ демалыс аймағы, шағын презентациялар мен шығармашылық шаралар өткізуге мүмкіндік жасалған. Студенттер бистро жұмысының барлық кезеңіне қатысады.

— Бұл бистро — оқумен қатар тәжірибе жинайтын орын. Жұмысқа барған кезде дайын болып бару үшін біз зертханаларда тұрақты түрде машықтанамыз, жан-жақты білім аламыз, — дейді 4-курс студенті Маншүк Ідішева.

Ол болашақта еуропалық стильдегі түрік асханасы мейрамханасын ашуды армандайды, ал колледж мұндай мақсаттарды барынша қолдап отыр.

— Біздің негізгі міндетіміз — еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Колледжде бариста курсы бар, оны аяқтаған студенттер қосымша біліктілік пен сертификат алады. Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен жылжымалы кейтеринг бойынша бағдарламалар жұмыс істейді. Мұндай білім мен дағдылар түлектер үшін еңбек нарығында үлкен артықшылық береді, — дейді колледж директоры Құралай Әбенова. — Колледжде кулинариямен қатар кәсіпкерлік негіздері де үйретіледі. Бұл түлектерге тек жалдамалы қызметкер ретінде ғана емес, өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың айтуынша, тиімді жұмысқа орналастыру үшін еңбек нарығын зерттеу және жұмыс берушілермен тұрақты байланыс орнату аса маңызды.
— Әр қала мен аудан алдағы жылдары қандай мамандарға сұраныс болатынын нақты білуі тиіс. Соған сәйкес колледждерді дамытып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, дуалды оқытуды қолдап отырмыз, — дейді Дулат Жекебаев. — Бүгінде колледждер тек маман даярлап қана қоймай, дайын өнім шығаруға және кәсіпкерлік қабілеттерді дамытуға жағдай жасап отыр.

Бистроға арналған жабдықтар колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңғыртуға бағытталған, халықаралық стандарттарға сай ең сұранысқа ие 100 мамандық бойынша кадр даярлауды көздейтін «Жас маман» мемлекеттік жобасы аясында сатып алынған. Бағдарлама шеңберінде колледж аспаздық, наубайханалық, кондитерлік іс және мейрамханалық сервис бағыттарындағы төрт зертханаға жаңа жабдық алған. Бұл жерде студенттер қамырмен тәжірибе жасап, өз мәзірлерін әзірлеп, заманауи тағам дайындау технологияларын меңгере алады.

Биыл колледжде студенттердің нан пісіру дағдыларын жетілдіруге және нан өндірісі технологияларын үйренуге арналған «Нан time» мини-наубайханасы да ашылды.