«Мемлекеттік рәміздер – ұлттық идеяның көрінісі»

«Мемлекеттік рәміздер – ұлттық идеяның көрінісі»

Елдіктің қалыптасу тірегі әрі әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі – оның мемлекеттік рәміздері. Рәміздер халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, рухани құндылықтарын бойына жинақтай отырып, ұлттың өзін-өзі тануына қызмет етеді. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы рухани байланысты бекемдейтін маңызды құрал саналады. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері елдің бетке ұстар айрықша құжаты іспетті. Олар халқымыздың бірегей болмысын, салт-дәстүрін, тарихи сабақтастығын айқындап көрсетеді. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздік пен егемендіктің нақты бейнесі ғана емес, ұлттық сананың көрінісі. Мемлекеттік билік рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамамен, яғни ұлттық идеямен тығыз байланыста болуы тиіс. Ұлттық идея – жасанды түрде қалыптастырылатын ұғым емес, ол халықтың тарихи тәжірибесінен, ортақ құндылықтарынан, өмір салтынан туындайды. Сондықтан рәміздер халықтың ішкі рухани сұранысын, болашаққа деген ортақ мұратын бейнелегенде ғана шынайы мәнге ие болады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік рәміздер – ұлттың өткені мен бүгіні арасындағы алтын көпір, ал болашаққа бағытталған рухани бағдаршам. Оларды қастерлеу – тарихқа тағзым, елдікке адалдық және ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Рәміздер арқылы ұлттық идея бекемделіп, мемлекеттің тұтастығы мен дамуына берік негіз қаланады.

Нұраталды ауылдық округінің
әкім аппаратының бас маманы А.Е.Омарова.