Қарағанды облысының өнім экспорты 27%-ға өсті

Қарағанды облысының өнім экспорты 27%-ға өсті

Қарағанды облысы биылғы жылдың алғашқы төрт айында өнім экспортын 27%-ға ұлғайтты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарларының шетел нарықтарына жеткізу көлемі де айтарлықтай артты. Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары талқыланған Үкімет отырысында мәлімдеді.

 

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктері қалыптастырылған.

— Қабылданып жатқан барлық шаралар бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құру мен дамытуға бағытталған. Мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады – субсидиялар беруден бастап, тауарларды әлемдік нарықтарға ілгерілетуге дейін. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Оның оң нәтижесі де айқын көрініп отыр. Мәселен, бүгінде Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етіп отыр. Жылдың алғашқы жартысында өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсуде. Бұл экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды, — деді Олжас Бектенов.

 

Қарағанды облысында жергілікті кәсіпорындарды қолдау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл соңына дейін өңір билігі жалпы сомасы 70 млрд теңгені құрайтын кемінде 1000 шағын және орта бизнес жобасын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Инвесторларды тарту мақсатында өңірлік тауар өндірушілердің тізімі жасақталып, облыстың инвестициялық тартымдылығы жөніндегі арнайы гид әзірленді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, бүгінде өңірде өнімдерін Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Ресей және Өзбекстанды қоса алғанда, әлемнің 40 еліне экспорттайтын 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жетті.

Экспорт көлемін одан әрі ұлғайту үшін өңірде инвестициялық жобалар іске асырылып, шығарылатын өнім түрлері кеңейтілуде.

— Оң серпінді сақтап, одан әрі күшейту үшін инвестициялық жобаларды белсенді жүзеге асырып, өндірілген өнімнің өткізу нарықтарын кеңейтіп келеміз. Биыл 44 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен экспортталатын өнім номенклатурасы ұлғаяды. Облыста алғаш рет жылу оқшаулағыш материалдар, жүк және жеңіл автомобильдер, клинкер плиткалары, тау-кен металлургия кешеніне арналған ірі габаритті бұйымдар және басқа да өнімдер өндіріле бастайды, — деп баяндады Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы мысал ретінде Саран индустриялық аймағында өндіріс ашқан «ТЭМПО Қазақстан» компаниясын атады. Бірнеше айда жұмысын жолға қойған кәсіпорын металл конструкциялары мен су құбыры желілерін салуға арналған болат тік тігісті құбырлар шығарады. Компания өнімі қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуда.