
Қарағандыдағы Saryarka үстел теннисі орталығында жүлде қоры 10 млн теңге болатын Қазақстанның ашық командалық чемпионаты — Суперлига өз мәресіне жетті.
Маусымның қорытынды алтын медальдары мен турнирлік орындар үшін еліміздің, сондай-ақ шетелдің ең мықты клубтары бақ сынады. Нәтижесінде чемпиондар кубогы қарағандылық командаға бұйырды.
2025 жылғы маусымда өткен төрт турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде бірінші орынды – «Қарағанды-1», екінші орынды – Свердлов облысынан (Ресей) келген УГМК, ал үшінші орынды – Өскемен қаласының «Altay Pro» командасы иеленді.
Суперлига маусымының қорытындысы бойынша үздік бапкер атағы Алексей Хорьковқа («Қарағанды-1»), ал үздік ойыншы атағы Алексей Жуковқа («Altay Pro») берілді.
Чемпионаттың жабылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев маусым бойы тұрақты түрде көш бастап, жоғары нәтижелер көрсеткен «Қарағанды-1» командасын арнайы марапаттады.
– Қарағандының үстел теннисі мектебі республикадағы ең мықты спорттық орталықтардың бірі саналады. Біздің спортшыларымыз жылдар бойы өзге өңірлер мен шетел командаларына лайықты бәсекелестік көрсетіп келеді. Бұл чемпионаттағы жеңіс – сол жүйелі еңбектің нақты нәтижесі, – деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгінде Қарағанды облысында үстел теннисімен 13 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде айналысады, олардың 4 мыңға жуығы ауылдық жерлерде шоғырланған. Ел мерейін үстем ететін жаңа чемпиондар легі қалыптасып келеді.
Соның жарқын дәлелі — халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Алан Құрманғалиев. Жыл өткен сайын мұндай дарынды спортшылардың қатары артып келеді.