
Мойынты кентінің жастары 2025 жылғы күзгі әскерге шақырылым бойынша Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, туған жерге аман-есен оралды.
Кеше ғана туған жерінен ақ жол тілеп шығарып салған жас жігіттер әскери өмірдің мектебінен өтіп, шыңдалып, азаматтық жауапкершілігі арта түскен нағыз ер-азамат болып қайта оралды. Олар әскери қызмет барысында тәртіп пен жауапкершілікті, төзімділік пен табандылықты, бірлік пен өзара сыйластықты үйренді.
Әскер – әрбір ер азаматтың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Әскери қызмет жас жігітті шыңдап, қиындыққа мойымай, кез келген жағдайда сабырлы әрі жауапты болуға тәрбиелейді. Отан алдындағы борышын өтеу арқылы сарбаздар ел тыныштығын қорғаудың қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді.
Сарбаздардың туған жерге оралуы ата-аналары үшін ерекше қуаныш болды. Ұлдарын сағынышпен күткен ата-аналар перзенттерін құшағына алып, амандығына шүкіршілік етті. Ұзақ уақыттан кейін туған-туыстарымен қауышқан жас жігіттердің де қуанышында шек болған жоқ.
Мойынты кентіне оралған сарбаздар енді азаматтық өмірге қайта қадам басып, алдарына жаңа мақсаттар қоймақ. Әскери қызметте жинаған тәжірибелері мен өмірлік сабақтары олардың болашақ жолында үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Отан алдындағы борышын адал атқарып, әскери міндетін абыроймен орындап келген жерлестерімізге зор алғыс білдіреміз. Оларға алдағы өмір жолында мықты денсаулық, отбасылық амандық, мол табыс пен биік белестер тілейміз.