Красная поляна ауылдық округінде елді мекеннің көркін айшықтайтын жаңа сәулеттік-композициялық нысан орнатылды. Ауыл аумағына «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жарықтандырылған заманауи инсталляция қойылып, ол округтің көрікті орындарының біріне айналды. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен және қалықтаған тұлпар бейнелерімен безендірілген композиция қазақ халқының бай тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған. Инсталляция тек эстетикалық сән беріп қана қоймай, «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттарын — тазалық, табиғатқа жанашырлық және туған жерге деген жауапкершілікті насихаттайды. Нысан маңайы абаттандырылып, тазалық сақтауға арналған арнайы орындар қарастырылған. Бұл тұрғындарды қоршаған ортаны аялауға үндейтін тәрбиелік мәні зор жоба болып отыр. Кешкі уақытта арнайы жарық шамдары жағылып, композиция ерекше көркем кейіпке енеді. Жарық пен ұлттық өрнектің үйлесімі ауылдың түнгі көрінісін ажарландырып, заманауи сән мен дәстүр үндестігін айқын көрсетеді. Аталған жоба ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру және жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бұл орын ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін естелік фотосуреттерге түсетін танымал нүктелердің біріне айналады деп күтілуде. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында округтің инфрақұрылымын дамыту, аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.
