
ҚР ОАМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтің айтуынша, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жаңа буын басшыларының пулы қалыптастырылды. 2025 жылы 5770 педагог үшін жаңа технологияларды меңгеруге, кәсіби әрі жеке дағдыларын жетілдіруге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Оның ішінде өндіріс базасында 2 000 педагог профильдік курстардан өтеді.
«Педагогтерді үздіксіз кәсіби дамыту бағыты олардың құзыреттерін сертификациялаумен толықтырылады. Жалпы 2027 жылға дейін шамамен 10 мың педагогті даярлау және сертификаттау жоспарланған. Педагогтерге арналған өндірістік практика және тәлімгерлік жүйесі енгізілуде. Оқытушылар жетекші кәсіпорындардың өндірістік алаңдарына жіберіліп, саланың жаңа технологияларымен, талаптарымен танысады, сондай-ақ тәжірибелі өндіріс шеберлері жас мамандарға қолдау көрсетеді», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.