
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау мен заманауи еңбек нарығы талаптарына сай мамандарды даярлау сапасын көтеру бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Техникалық және кәсіптік білімді трансформациялаудың Жол картасы 2025–2027 жылдарға арналған оқу бағдарламаларын жаңарту, колледждерді басқаруды жетілдіру, бизнеспен серіктестікті дамыту, білім беруді цифрландыру, халықаралық тәжірибеге интеграциялау секілді негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ОАМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов хабарлады.
«Қазіргі уақытта 30 колледж корпоративтік басқару жүйесіне көшуде. Бұл ТжКБ ұйымдарының бизнес-процестерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыратын тиімді тәсіл», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Оның айтуынша, қаржыландыру көздерін әртараптандыру арқылы колледждердің қаржылық дербестігін кеңейтіп, нәтижелілігін ынталандыруға бағытталған шаралар кешені іске асуда. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың дифференциалды жаңа әдістемесі жасалды. Бағалау арнайы ақпараттық жүйеде автоматты түрде ашықтық қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі.