
Вице-министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллект технологияларын енгізуде. Алғашқы кезеңде қызметтер электрондық форматқа көшірілді, кейін мобильді қосымшаларға енгізілді, одан соң проактивті түрде көрсету және төлемдерді автоматты түрде тағайындау іске асырылды.
«Биыл біз мемлекеттік қызметтердің барлығында жасанды интеллект технологияларын қолдану жөнінде ауқымды мақсат қойып отырмыз. Бұл қызмет көрсетудің толықтай проактивті және интеллектуалды моделіне көшуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда», – деді Бахтияр Жазыкпаев.
Спикердің мәліметінше, 2025 жылы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды тіркеу, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу қызметтері қамтамасыз етілді. 2026 жылы зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, қандас мәртебесін беру және жұмыспен қамту шараларына жолдау сияқты жаңа қызметтерге ЖИ қолдану аясын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, вице-министр атап өткендей, жасанды интеллект арқылы қалыптастырылған шешімдер ұсынымдық сипатта болады және тек қабылданатын шешімдердің сапасы мен объективтілігін арттыру үшін пайдаланылады.
«Әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектті қолдана отырып бірқатар жобалар іске асырылуда. Жұмыспен қамту бағытында азаматтарға ең қолайлы бағдарламаларды автоматты түрде ұсынуға мүмкіндік беретін қолдау шараларын жекелендіріп іріктеу жүйесін енгізу пысықталуда (жұмыспен қамтудың белсенді шаралары). Кәсіпорындардағы жағдайды болжамды бағалау үшін еңбек тәуекелдерінің картасы әзірленуде. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек алушылардың құжаттарын тексеру үшін компьютерлік көру технологиясы енгізілуде», – деп атап өтті Б. Жазыкпаев.
Жалпы алғанда, спикердің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан шаралар деректерге негізделген шешім қабылдауға көшуге, олардың дәлдігін арттыруға және адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.