
Сенат құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңды қабылдап, оған бірқатар өзгерістер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды және оған ілеспе 2 құжатты екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Бұл жүйелі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, уәкілетті органдар мен мамандар аясын кеңейтуге, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуге және мемлекеттік қауіпсіздік бойынша ұлттық баяндама дайындауға мүмкіндік береді.
Алдын алу шаралары құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын шектеуден бастап, ескерту тетіктерін, қорғау талаптарын енгізуге және айыппұл салуға дейінгі кешенді тәсілге негізделеді. Алғаш рет виктимологиялық профилактика ұғымы енгізіліп, азаматтардың ерікті қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Жеке бөлім балаларды қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қайталанатын қылмыстар мен көзге көрінетін құқық бұзушылықтарды болдырмауға арналған. Әкімдерге балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдар құру құқығы берілді.
Сонымен қатар құжат электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптарды айқындайды: иелері мен жалға беру қызметтері сақтандыру жауапкершілігін көтеруі тиіс, құрылғыларға тіркеу нөмірлері беріледі және пайдаланушыларды есепке алу міндеті енгізіледі.