
Шет ауданының орталығы — Ақсу-Аюлы ауылында Наурыз мейрамы аудандық мәдениет үйінің алаңында кең көлемде аталып өтілді. Ұлыстың ұлы күніне орай алаңға 9 киіз үй тігіліп, ауылдың сәні мен салтанатын аша түсті. Шет ауданының әкімі Мұхит Сайлауұлы жиналған ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мереке барысында мекеме қызметкерлері қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға ыстық палау, бауырсақ пен наурыз көже ұсынды. Мерекелік бағдарлама аясында өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен арқан тарту, асық ату, қол күресі және қой көтеру жарыстары өткізілді. Ауыл тұрғындары мерекелік шараға белсене қатысып, Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде өткізді.