
«Таза Қазақстан» бастамасы – бұл жай ғана сенбілік немесе бір реттік тазалық жұмысы емес, ол – туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ақшоқы ауылдық округінде ұйымдастырылып жатқан тазалық шаралары – ел болашағына деген жанашырлықтың, бірліктің және ортақ іске деген ынтымақтың жарқын дәлелі.Тазалық – әр адамның ішкі мәдениетінің, тәрбиесінің көрсеткіші. Аулаңның, көшеңнің, ауылыңның таза болуы – өзіңе деген құрметпен қатар, туған жерге деген ілтипаттың белгісі. Осындай игі істер арқылы біз жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, табиғатты аялаудың маңызын ұғындырамыз. Ақшоқы ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып келеді. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың амандығы үшін жасалып жатқан сауапты іс. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір отырғызылған тал – туған жерге деген махаббаттың нақты көрінісі.
Тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Егер әрбір азамат өз ауласынан бастап, айналасын таза ұстауға мән берсе, еліміздің әр бұрышы көркейіп, шын мәнінде «Таза Қазақстан» қалыптасады. Себебі, тазалық – туған жерге деген құрметтің ең асыл белгісі.