"Жолдау — халық игілігіне бағытталған нақты қадам".

"Жолдау — халық игілігіне бағытталған нақты қадам".

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жаһандық жаңғыру мәселесін ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде айқындап, Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын нақты көрсетті. Бүгінгі әлем — технологиялық серпін, геосаяси өзгерістер, цифрландыру және білім бәсекесі үстемдік құрған күрделі кеңістік. Осындай жағдайда жаһандық жаңғыру — жай ғана ұран емес, ұлттың өміршеңдігін айқындайтын басты талап. Президент атап өткендей, Қазақстан әлемдік үрдістерден тыс қалмай, керісінше сол өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Жаһандық жаңғыру ең алдымен экономиканың жаңа моделін қалыптастырумен байланысты. Шикізатқа тәуелділіктен арылып, инновацияға, ғылымға, жоғары технологияларға негізделген экономика құру — уақыт талабы. Бұл бағытта цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жасыл энергетика және креативті индустриялар ел дамуының жаңа драйверіне айналуы қажет. Президенттің экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмалары — Қазақстанды әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруға бағытталған нақты қадамдар.
Жолдаудағы жаһандық жаңғырудың тағы бір маңызды қыры — адами капиталды дамыту. Білімді, білікті, жаңашыл ойлайтын ұрпақ қана елді алға бастыра алады. Сондықтан білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, ғылымды қолдау, жастарға мүмкіндік беру — ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Президент жастардың сапалы білім алып, өз елінде еңбек етуіне жағдай жасау арқылы «ми ағымының» алдын алуды да маңызды міндет ретінде атап өтті.
Сонымен қатар жаһандық жаңғыру қоғамның рухани және мәдени жаңаруымен де тығыз байланысты. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік өркениетке ашық болу — Қазақстанның бірегей даму жолы. Бұл — тамырдан ажырамай, заманға бейімделу деген сөз. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, мәдениетті дамыту, тарихи сананы жаңғырту — ұлттың рухани тірегі.
Президент Жолдауында әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері де жаһандық жаңғырудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Өйткені ашық әрі жауапты мемлекет қана халықаралық аренада сенімді әріптес бола алады. Азаматтардың құқықтары қорғалған, мүмкіндіктер тең, әлеуметтік әділет үстемдік құрған қоғам — тұрақты дамудың кепілі. Жолдауда көтерілген жаһандық жаңғыру идеясы — Қазақстанның болашаққа бағытталған батыл стратегиясы. Бұл жаңғыру тек экономикалық немесе саяси өзгеріс емес, ол — тұтас ұлттың жаңаша ойлауы, жаңа сапаға көтерілуі. Егер әр азамат осы үдеріске белсенді қатысып, білімге ұмтылып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік қағида етсе, Қазақстан әлемнің дамыған мемлекеттері қатарынан лайықты орын алары сөзсіз.