
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі – бүгінгі Қазақстанның даму бағытын айқындайтын терең мағыналы, тағылымы мол ұстаным. Әділетті мемлекет құру жолы ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз етуден басталатыны анық. Заңға бағыну – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Заң үстемдік құрған қоғамда әділдік салтанат құрып, халықтың мемлекетке деген сенімі артады, ал сенім – тұрақты дамудың басты кепілі. Сонымен қатар Президент білім сапасын арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтуі тегін емес. Білімді ұрпақ – елдің болашағы. Сапалы білім алған жас буын заман талабына сай ойлай алады, елдің өркендеуіне үлес қосады. Ғылым мен білімге сүйенген мемлекет қашанда бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру, білім беру жүйесін жетілдіру – стратегиялық маңызы бар міндет. Мәдениетті болу – қоғамның ішкі рухани деңгейін көрсететін өлшем. Мәдениет тек өнер мен әдебиет емес, ол – күнделікті өмірдегі тәртіп, өзара сыйластық, қоғамдық орындардағы жауапкершілік. Мәдениеті жоғары елде бірлік нығаяды, ұлттың болмысы сақталады. Ал аянбай еңбек ету – кез келген жетістіктің негізі. Еңбекқорлық бар жерде береке бар, ал адал еңбек қоғамды алға сүйрейді. Президент атап өткен тәртіпке бас ию мен мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Ту, Елтаңба, Әнұран – тәуелсіздігіміздің символы, елдігіміздің айнасы. Оларды құрметтеу – мемлекетті құрметтеу, өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қарау деген сөз. Бұл ойлар – жай ғана сөз емес, әрбір азаматтың өмірлік қағидасына айналуы тиіс бағдар. Заңға бағынған, білімді, мәдениетті, еңбекқор әрі тәртіпті қоғам ғана шынайы Әділетті Қазақстанды құра алады. Мемлекет басшысының бұл тұжырымы – ел дамуының берік іргетасын қалайтын, барша қазақстандықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды үндеу.