
Заң мен тәртіп – қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының негізгі тірегі. Бір елдің дамуы, халықтың амандығы мен болашағы ең алдымен құқықтың үстемдігіне сүйенеді. Егер заң әділдікке қызмет етіп, тәртіп жүйелі сақталса – қоғамда сенім нығаяды, әр азамат өзін қорғалған сезінеді. Себебі құқықтық мемлекет – тек жазалаушы қатыгез жүйе емес, ең алдымен адамды, оның құқығын, бостандығын, әлеуметтік қауіпсіздігін қорғауға арналған саналы тетік. Қай кезеңде болмасын өркениетті қоғамға апарар жол міндетті түрде тәртіптен басталады. Тәртібі бар елде мақсат айқын, міндет жүйелі, болашаққа деген сенім берік болады. Ал тәртіпсіз ортада даму да, тұрақтылық та болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, заң талаптарының орындалуы – мемлекеттік басқарудың ғана емес, әр азаматтың жауапкершілік мәдениетінің көрінісі. Бүгінгі заманда заңға бағыну – қорқыныштан емес, санадан туындауы керек. Себебі нағыз құқықтық мәдениет – әрбір адамның өз іс-әрекетінің салдарын түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне білуінен басталады. Тәртіптің сақталуы – тек полицияның не мемлекеттің жұмысы емес; бұл – бүкіл қоғам болып жұмылатын ортақ міндет.Заңның үстемдігі бар жерде әділеттілік жеңеді, әділет бар жерде сенім орнайды, сенім бар жерде қоғамның бірлігі күшейеді. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау – ел болудың, мемлекетшілдік пен өркениеттіліктің басты көрсеткіші. «Заң және тәртіп» – жай ғана ұғым емес, ол – елдің болашағын айқындайтын құндылық. Әр азамат осы қағиданы берік ұстанғанда ғана біздің қоғамымызда тұрақтылық орнығып, ұрпаққа жарқын болашақ мұра етіп қалдыра аламыз.