27 ақпан мәдениет үйінде Шет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Д.Карсембаевтың Ақадыр кентінің тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы С.Социал және ауданның мекеме басшылары толығымен қатысып, Мәдениет үйінің фойесінде өз қабылдауларын жүргізсе, кент әкімдігінің қызметкерлері жеке қабылдауға кіретін кент тұрғындарының аты-жөндері мен көтеретін мәселелерін анықтап, кезегімен кіруін қадағалады. Кенттегі бюджеттік мекеме басшылары мен ақсақалдар, жергілікті қоғамдастық мүшелері де Мәдениет үйінде болды. Тұрғын үй кезегіне тұру, үй беру, жұмыспен қамту, газ тарту және тағы да басқа мәселелермен тұрғындар жеке қабылдауға кіріп, аудан басшысына өз сауалдарын қойып, мәселелерін жеткізді. Айтылған мәселелердің біразының шешімі сол жерде айтылса, қалғанының шешілу жолдары алдағы уақытта қатаң бақылауда болатыны айтылды.