Шет ауданында спорт саласын дамыту мәселелері талқыланды

Шет ауданында спорт саласын дамыту мәселелері талқыланды

Шет ауданына жұмыс сапары аясында депутаттар Ақадыр кенті аумағында орналасқан бірқатар маңызды спорт нысандарын аралады. Сапар барысында Қарағанды облысындағы спорт саласының қазіргі жағдайы мен оны дамыту перспективалары зерделенді. Аталған мәселелер алдағы уақытта облыстық мәслихат сессиясында қаралатын болады.

Іссапар барысында Шет ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ерекше назар аударылды. Бүгінде мұнда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерімен қатар бокс, футбол, жүзу және өзге де олимпиадалық бағыттарды қамтитын жалпы саны 10 спорт түрі бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда мектепте 890-ға жуық бала спортпен шұғылданып, олармен 25 жаттықтырушы тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл ауылдық жерлерде жастарды спортқа тарту деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, А. Ермеков атындағы мектеп-лицейдің спорт залы мен кенттегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қызметімен танысу жұмыстары жүргізілді. Аталған нысандар бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етуде.

Кездесу барысында спорт секцияларының тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылар өзекті мәселелерді көтеріп, саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Жалпы, аудандардағы спорт инфрақұрылымын дамыту – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған маңызды инвестиция болып табылады.