Құрметті Шахтинск тұрғындары!
Сіздерді тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды мерекесі Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Қастерлі Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Халқымыздың толайым тарихында әр ғасырдың бедер-белесінде туған елі мен жерін көздің қарашығындай қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ұрпақтың азат өмірі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың өшпес даңқы мәңгі жасап келеді.
Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап республикамызда елдік рух, патриоттық тәрбие ең маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қолға алынды. Мемлекетіміздің қорғанысын күшейтіп, еліміздің тыныштығын сақтауда Қазақстанның Қарулы Күштерінің, күш құрылымдарының, төтенше жағдайлар және арнайы қызмет органдарының қызметкерлері аға ұрпақтың ерлігін жалғастырып келеді.
Егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуда, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда жеткен жетістігіміз мемлекетіміздің қанатын қатайтып, әрқайсымыздың жүрегімізге сенімділік ұялатады.
Соның бірі – жүрегінде отансүйгіштік сезімі қалыптасқан әрбір жастың Отан алдындағы борышын өтеуге ынта білдіруі адалдық пен сүйіспеншіліктің дәлелі.
Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға деген сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері жас ұрпақтар үшін патриоттық тәрбие және ерліктің мектебі болып қалыптасты. Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз.
Құрметті әріптестер! Сіздерді Қазақстанның Қарулы Күштерінің мерекесімен құттықтаймын. Барлықтарыңызға Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болып, жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын деп тілек білдіре отырып, әрбір шаңыраққа зор бақыт, мол қуаныш, амандық тілеймін!
Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін!
Шахтинск қаласының әкімі Қыдырғанбеков М.