Новодолинский кенті әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуі

Новодолинский кенті әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуі

Біздің аймақта кент әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері өтуде. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында есеп беру кездесулері аз адамның қатысуымен және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өзгеше нысанда өтіп жатыр.

20 қаңтарда Шахтинск қаласының әкімі С. Аймаковтың қатысуымен Новодолинский кентінің әкімі А.Түсіповтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті.

Өзінің есеп беру баяндамасында А.Түсіпов кенттің 2020 жылы әлеуметтік – экономикалық даму қорытындысы мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

А.Түсіповтің айтуы бойынша кентте «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жұмыстары жүргізілді. Кент тұрғындарының сұрауы бойынша жасанды жабыны бар футбол алаңына және тартан жолдарына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, №11 жалпы білім беру мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Лесная және Магистральная көшелері бойынша автомобиль жолдарын ағымдық жөндеу жүзеге асырылды. Коммуналдық қызметтердің жұмысы жергілікті биліктің ерекше назарында, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілді, тұрғындардың әлеуметтік әлжуас санатына қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы оң өзгерістерге тоқталып өтті. Баяндаманың толық нұсқасында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету, ауылшаруашылығын дамыту саласы туралы мәлімет те берілген. Есеп беру кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша лауазымды тұлғаларға шағым түскен жоқ. Карантин кезінде халыққа көмек көрсету бойынша жүргізілген жұмыстарға ерекше назар аударылды.

Кент әкімі 2020 жылдың қаңтар айында өткізілген есеп беру кездесуінде айтылған тұрғындардың ұсыныстары мен олардың орындалу барысына да тоқталып өтті.

Кент тұрғындары әкімнің қызметіне оң баға беріп, атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді. Есеп беру кездесуінде көтерілген мәселелер: жалақы, зейнетақы және жәрдемақы алу кезеңінде «Халық банкі» АҚ банкоматында ақшаның аз болуы; қоқыс орындарын абаттандыру мәселелері. Сонымен қатар, жаңа футбол алаңында әкімшілік ғимарат орнату туралы ұсыныс айтылды.

Новодолинский кенті тұрғындарының сауалдарының басым көпшілігіне қала әкімі мен кент әкімі кездесу барысында жауаптар мен түсініктемелер берді. Сауалдардың бір бөлігі оларды бұдан әрі шешу үшін бақылауға алынды.

Шахтинск қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі