Жақсылыққа толы, баршаның сүйікті мерекесі Жаңа жыл қарсаңында көп балалы отбасыларға Молодежная, 55 мекенжайы бойынша қайта қалпына келтірілген үй пәтерлерінің кілттерін салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті. 15 көп балалы отбасы осы пәтерлердің бақытты иесі атанды. Тұрғындарды құттықтауға қала басшылығы, қалалық мәслихат хатшысы мен депутаттары келді. Қала әкімі С.Аймақов қоныс иелерін келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, оларға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.
Қала әкімі өзінің құттықтау сөзінде біздің мемлекетіміздің басты саясаты тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «Қоныс тойларыңыз құтты болсын дегім келеді. Өздеріңіз табалдырығын жаңа аттаған жаңа үйлеріңіз сіздерге берекелі, ырысы мол, жайлы баспана болсын. Сіздердің шаңырақтарыңыз әрқашан жылылыққа, мейірімге, шаттыққа толы болсын! Әр отбасында тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! Қоныстарыңыз құтты болсын!», - деді С.Аймақов.
Жаңа қоныс иелері қала басшылығына тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан нәтижелі еңбектері үшін алғыс білдірді.
Шахтинск қаласы әкімінің баспасөз қызметі