2024 жылға арналған жылдық қаржылық есептілік пен жылдық қаржылық есептілікке аудиторлық есепті Депозитарийге ұсынбаған қоғамдық мүдделілік ұйымдарына қатысты қабылданған әкімшілік сипаттағы шаралар туралы ақпар

2024 жылға арналған жылдық қаржылық есептілік пен жылдық қаржылық есептілікке аудиторлық есепті Депозитарийге ұсынбаған қоғамдық мүдделілік ұйымдарына қатысты қабылданған әкімшілік сипаттағы шаралар туралы ақпар

Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы №234 Заңының (бұдан әрі – Заң) 19-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қаржылық есептілік депозитарийін құру жөніндегі шаралар туралы» 2008 жылғы 23 желтоқсандағы №1228 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен қаржылық есептілікті тапсыратын қоғамдық мүдделілік ұйымдары үшін қаржылық есептілік депозитарийі құрылған. Депозитарий – бұл ұйымдар жыл сайын ұсынатын жылдық қаржылық есептілік пен аудиторлық есептерді, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпаратты қамтитын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы (www.dfo.kz веб-сайты).

Заңның 1-бабына сәйкес, қоғамдық мүдделілік ұйымдар (бұдан әрі – ҚМҰ) деп мыналар танылады: қаржы ұйымдары (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензиясы негізінде қызметін тек айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, кредиттік серіктестіктерді және шаруашылық серіктестік нысанында құрылған ломбардтарды, сондай-ақ «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген кепілсіз микрокредиттерді ұсынбайтын, шаруашылық серіктестік нысанында құрылған микроқаржылық ұйымдарды қоспағанда), нысаналы капитал қорлары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (жалпы таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдарды қоспағанда), астық қабылдау кәсіпорындары, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушылар, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компаниялар, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері, сондай-ақ жарғылық капиталында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен аффилиирленген еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар. Қарағанды облысы бойынша депозитарий деректер базасында 347 қоғамдық мүдделілік ұйым тіркелген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 28 қаңтардағы №94 бұйрығымен бекітілген ҚМҰ-ның қаржылық есептілікті депозитарийге тапсыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 3-тармағына сәйкес, есепті кезең ішінде қызметін жүзеге асырмаған және есепті жылдың 1 қаңтарына дейін банкрот деп жарияланған ұйымдарды қоспағанда, ұйымдар жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей депозитарийдің интернет-ресурсы арқылы депозитарийді жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйымға жылдық қаржылық есептілікті ұсынуға міндетті.

Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылы қаржылық есептілікті депозитарийге уақтылы ұсынбағаны үшін 70 ҚМҰ әкімшілік жауапкершілікке тартты, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 20 326,2 мың теңгені құрады. Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 239-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамына жатады, яғни Қағидаларда белгіленген мерзімдерде уәкілетті ұйымға қаржылық есептілікті ұсынбау болып табылады. Атап өту қажет, олардың 6-уы аталған Кодекстің 239-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни қайталанған құқық бұзушылық ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жоғары мөлшердегі жауапкершілік шаралары қолданылған.

Қазіргі уақытта 62 ҚМҰ бойынша 17 495,2 мың теңге (86%) сомасында айыппұл өндірілген.

Қағидалардың 6-тармағына сәйкес, ҚМҰ уәкілетті ұйымға электрондық форматта аудиторлық есепті де ұсынуға міндетті. Қаржылық есептіліктің міндетті аудитін жүргізуден жалтарғаны және аудиторлық есепті депозитарийге ұсынбағаны үшін 52 ҚМҰ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 250-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 172,4 мың теңге сомасында айыппұл салынған.

Қазіргі уақытта 45 ҚМҰ бойынша 1 759,6 мың теңге (80,9%) мөлшерінде айыппұл өндірілген.

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті