
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып саналады. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуіне және қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің еңбекті және денсаулықты қорғауға, қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қорғалуға толық құқығы бар. Осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Департамент тарапынан жүйелі түрде талдау және бақылау жұмыстары жүргізіледі.
Атап айтқанда, 2025 жылы мемлекеттік қызметшілердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу мәселесіне кешенді талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Соның ішінде еңбек демалысына байланысты төлемдердің уақытында берілмеу фактілері тіркеліп, 146 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді заңсыз үстеме жұмысқа тарту мәселесі де Департаменттің ерекше бақылауында. Жұмыс уақыты режиміне жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 2025 жылдың
12 айында 180 мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысқа тартылғаны анықталып, заңнама талаптарына сәйкес оларға тиісті тынығу сағаттары берілді.
Бұдан бөлек, тәртіптік жазаларды қолдану тәртібінің бұзылуына қатысты деректер де анықталды.Нәтижесінде жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша 4 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, профилактикалық іс-шаралар мен жоспардан тыс бақылаулар жүргізу барысында 10 азаматтың және 5 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, заңдылықты қамтамасыз ету және алдын алу шаралары жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының
басшысы,
К.Акбаров