Шахтинск дарынды жастарды құрметтейді

Шахтинск дарынды жастарды құрметтейді

Республика күні қарсаңында Шахтинск қаласында қала әкімінің «Жастар» жастар сыйлығын тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.
Бұл сыйлық он сегізінші рет табысталып отыр және дәстүрлі түрде қаланың белсенді, бастамашыл және талантты жастарын біріктіреді. Биылғы жылы бұл шараның мәні ерекше болды — жастардың жобаларын, стартаптарын, шығармашылық идеяларын және волонтерлік бастамаларын қолдау мақсатында қала әкімінің 15 гранты табысталды. Әр гранттың көлемі — 1,5 миллион теңге.

Бұл гранттар тек қаржылай көмек қана емес, сонымен қатар жастардың энергиясына, мақсаткерлігіне және қаланың, елдің дамуына қосып жатқан үлесіне деген сенімнің көрінісі болды.

«Жастар – 2025» сыйлығының жеңімпаздары сегіз номинация бойынша анықталды: «Батыл жүрек»; «Жылдың волонтері»; «Жылдың үздік білімгері»; «Жас өнер қайраткері»; «Жылдың жас спортшысы»; «Жұмысшы мамандығының үздік жас өкілі»; «Жастар» сыйлығының Гран-при иегері; «Халық таңдауы» (депутаттардың дауыс беру қорытындысы бойынша).

Қала әкімі өз сөзінде жастарды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті: «Шахтинск жастары — біздің болашағымыз, мақтанышымыз және тірегіміз. Бүгін біз жастардың ғылымда, спортта, мәдениетте, волонтерлікте және бизнесте белсенділігін көріп отырмыз. Біз әрі қарай да олардың дамуына барлық жағдай жасаймыз, әр бастама қолдау тауып, өмірде жүзеге асуы үшін жұмыс істейміз».

Мұндай іс-шаралар азаматтық белсенділікті нығайтуға, жас көшбасшыларды қолдауға және туған қаласы мен елінің дамуына үлес қосуға дайын жауапты ұрпақты қалыптастыруға ықпал етеді.

Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі