Қазақстанда мемлекеттік қызметтер саласында айтарлықтай өзгерістер орын алуда. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға енгізілген түзетулер мемлекеттік қызметтер саласында рәсімдер мен стандарттарды бекітумен қатар, олардың сапасын да мемлекеттік бақылауда ұстауға жағдай жасады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – әрбір азаматтың күнделікті өмірімен байланысты. Құжат алу, әлеуметтік төлемдерге жүгіну, мүлікті тіркеу немесе лицензия рәсімдеу – осының бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін қалыптастырады. Қызмет сапасына байланысты мәселелер де жиі көтерілген болатын – кезектің ұзақтығы, рәсімдердің күрделілігі, қызметкерлердің жауапкершілігі.
Жаңа түзетулер осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған.
Заңға енгізілген толықтырулар мемлекеттік қызметтердің сапасына жүйелі мемлекеттік бақылауды енгізді. Енді уәкілетті орган мен оның өңірлік бөлімшелері мемлекеттік органдарды да, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын да бақылау құзырына ие болды.
Бақылау тексеру арқылы (жоспарлы және жоспардан тыс), ақпараттық жүйелер мен есептілікті пайдалану негізінде жүргізлуі мүмкін.
Бұл тәсілдер қызмет көрсету процесін барынша ашық, әрі әділ етуге мүмкіндік береді.
Заңнамада жоспарлы және жоспардан тыс тексерулердің нақты негіздері белгіленді. Жоспарлы тексерулер жарты жылдық кесте бойынша жүргізіледі және белгілі бір көлемде қызмет көрсеткен ұйымдарды қамтиды. Ал жоспардан тыс тексерулер азаматтардың шағымдары, БАҚ-тағы материалдар немесе мониторинг нәтижелері негізінде тағайындалады.
Маңызды ерекшелік – анонимді шағым тексеру жүргізуге себеп бола алмайды. Бұл заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ететін маңызды қағида.
Жаңа нормалар тексерілетін органдардың құқықтарын да қорғап отыр. Олар тексеру рәсімі бұзылған жағдайда тексерушілерді кіргізбеуге, процеске бейнежазба жүргізуге және қорытындыларға шағым жасауға құқылы. Сонымен қатар құжаттарды уақтылы беру, тексерушілерге кедергі келтірмеу секілді міндеттер де жүктелген.
Бұл тепе-теңдік бақылауды әділетті әрі ашық жүргізуге мүмкіндік береді.
Өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңа деңгейге шығарды. Енді азаматтардың шағымдары ескерусіз қалмайды, ал қызмет көрсетушілер сапаны қатаң сақтауға міндетті.
Бұл қадам мемлекеттің басты мақсатына – халыққа сапалы, ашық әрі тиімді қызмет көрсетуге жақындататыны сөзсіз.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының
орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес
хатшылығының меңгерушісі Б. Макеев