«БЖЗҚ» АҚ-ның жыл басынан бері ұсынған қызметтерінің 98%-ы цифрлық режимде көрсетілді

«БЖЗҚ» АҚ-ның жыл басынан бері ұсынған қызметтерінің  98%-ы цифрлық режимде көрсетілді

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) өз салымшыларын қолдау мен ақпараттандыруға бағытталған қызметтердің кең ауқымын ұсынуды белсенді түрде жалғастыруда. 01.01.2025ж. мен 01.05.2025ж. аралығында халыққа шамамен 19,4 млн қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері көрсетілген қызметтердің жалпы санының 9,1 млн-нан астамы электрондық форматта, 9,6 млн-нан астамы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,2%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға жүзбе-жүз шамамен 343,0 мың қызмет көрсетті, оның ішінде 334,9 мыңнан астамы тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.

Есепті кезең ішінде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 718,1 мыңға жетті. 

Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан шамамен 10,1 млн үзінді көшірме берілді. Оның 8,3 млн астамы – электрондық, ал 1,4 млн астамы автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарыңызды қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты тек БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, сонымен бірге egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы.

Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтер әлемнің кез-келген нүктесінде 24/7 режимінде қолжетімді.  

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында деректемелерді өзгертуге 50,1 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның 46,8 мыңнан астамы Қордың кеңселерінде ұсынылды. 

БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 15,8 мыңнан астам көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған шамамен 332,5 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 15,3 мыңнан астам материал жарияланды.

Салымшылар мен алушылардың кері байланыс арналары бойынша түскен өтініштерінің саны шамамен 205,4 мың.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.