ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім қалай жұмыс істейді?

ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім қалай жұмыс істейді?

            Келісім 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Оның негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше-мемлекеттер еңбекшілерін жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарымен бірдей шарттарда және тәртіпте зейнетақы құқықтарымен қамтамасыз етуді қалыптастыру және іске асыру.

Келісім күшіне енген сәттен бастап 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміз аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің  46 350 еңбекші азаматы үшін жұмыс берушілермен жасалған еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар негізінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) аударылды.

Бұл ретте БЖЗҚ-да бұрыннан ашылған, міндетті зейнетақы жарналарын есепке алатын ЖЗШ болмаған жағдайда, аталған шоттар аударымдар түскен кезде автоматты түрде ашылды.

Сондай-ақ, 2021-2022 жылдар ішінде БЖЗҚ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 40 азаматынан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш қабылдап, орындады. Оның ішінде 37 еңбекшіге Қазақстан заңнамасы бойынша зейнет жасына толуына байланысты зейнетақы төлемдері және 3 мұрагерге еңбекшілердің қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалды.

Қырғызстан мен Ресей аумағында еңбек қызметін еңбек шарты негізінде жүзеге асырған және аталған елдердің зейнетақы жүйесіне сақтандыру жарналарын аударған екі  Қазақстан азаматына тиісті құзыретті органдар жасына байланысты өмір бойы зейнетақы тағайындады.

Осылайша, еңбекшілердің ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттерде зейнетақы жарналарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне аудару жолымен зейнетақы құқықтарын қалыптастыру және оларды тағайындалған зейнетақы төлемдері түрінде іске асыру ЕАЭО туралы шартқа негізделген келісімнің арқасында мүмкін болды. Оған Армения, Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан және Ресей Федерациясы кіреді.

БЖЗҚ Келісім шеңберінде зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің азаматтары жұмысқа орналасқан мемлекетте жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттар жасасу жолымен ресми ресімдеулері қажет екенін хабарлайды.  

Өз кезегінде, жұмыс берушілер ресми жұмысқа орналастырылған жұмыскерлер үшін жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне зейнетақы (сақтандыру) жарналарын осы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асыруға міндетті.