Қарағанды облысында үй-жайларда міндетті маска тағу талабы алып тасталды

Қарағанды облысында үй-жайларда міндетті маска тағу талабы алып тасталды

Қарағанды облысында медициналық ұйымдарды қоспағанда, үй-жайларда бетперде кию тоқтатылды. Сондай-ақ мектептерде кабинеттік оқыту жүйесі жаңғыртылды.

Тиісті қаулыға өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлжан Байғұтанова қол қойды.

Маскаларды міндетті түрде киюді болдырмау туралы шешім эпидемиологиялық жағдайды тұрақтануына байланысты қабылданды. Бірақ облыс тұрғындарына халық көп жиналатын жерлерде, қоғамдық және әуе көліктерінде, ұйымдасқан ұжымдарда медициналық бетперде кию ұсынылады.

Сондай-ақ, қаулыға сәйкес, енді Pfizer шығарған Comirnaty вакцинасын азаматтардың келесі санаттары ала алады:

- бастапқы вакцинацияны алатын және дәл осы вакцинамен егуді қалайтын адамдар;

- әртүрлі себептер бойынша шетелге шығу үшін қайта вакцинациядан өтетін адамдар;

- шетелде басталған вакцинация курсын аяқтаған тұлғалар;

- халықтың барлық топтары COVID-19-ға қарсы вакцинацияланды.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында "Бір сынып – бір кабинет" жүйесі жаңғыртылып (енді оқушылар түрлі пәндік кабинеттерде оқи алады), бетперде кию талабы жойылды. Бұл ретте бетперде режимін сақтау білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша ерікті түрде болуы мүмкін.

Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша