Әкімшілік процестің қатысушылары

Әкімшілік процестің қатысушылары

 
Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі-Кодекс) әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін заңнамалық актіні білдіреді.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Кодексте реттейтін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Өз кезегінде, Кодекс талапкер, жауапкер, мүдделі тұлғалар және прокурор болып табылатын процеске қатысушылардың шеңберін анықтады.
Өзінің бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам, немесе оның мүддесіне қатысты прокурормен талап-арыз берген өзге де тұлға, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге де адам талап қоюшы болып табылады.
Жауапкер – сотта талап қою берілген әкімшілік орган немесе лауазымды адам.
Құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері сот актісімен қозғалатын немесе қозғалуы мүмкін адам мүдделі тұлға деп танылады.
Мүдделі тұлғалар талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қоюды кері қайтарып алу, талап қоюды тану немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығын қоспағанда, талап қоюшының немесе жауапкердің процестік құқықтарын пайдаланады және процестік міндеттерін атқарады.
Прокурордың әкімшілік процеске қатысуы оған заңмен жүктелген міндеттер мақсатында және оның қатысуы міндетті болып табылатын әкімшілік істер бойынша қорытынды беру үшін жүзеге асырылады.
Әкімшілік процеске қатысушылардың міндеттеріне әкімшілік істің нақты мән-жайлары туралы шынайы және толық айту, сондай-ақ процеске басқа қатысушылар бекітетін фактілерді теріске шығаратын құжаттарды ұсыну жатады.
Жаңа Кодекс сонымен қатар әкімшілік орган мен лауазымды адам туралы түсініктерді ашады.
Сонымен, әкімшілік орган – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым.
Лауазымды адам – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген адам.
Егер талап қоюшы жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспеген жағдайда, тиісті жауапкерді екінші жауапкер ретінде тарту бойынша соттың іс-әрекеті Кодекстің жаңалығы болып табылады.