Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласын одан әрі жетілдіру мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттырудың негізі болып табылады.

2013 жылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған сәттен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасы артып, оларды электрондық форматқа көшіру жүзеге асырылуда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жыл сайын мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуді жолға қойған. Мұндай зерттеулерді тұрақты жүргізу көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасының өзгеру серпінін қадағалауға және мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту жөнінде ұсынымдар енгізуге мүмкіндік береді.

Бұл зерттеудің мақсаты көрсетілетін қызметті алушылардың қызметтер көрсету сапасына, қолжетімділігіне және рәсімдеріне қанағаттану деңгейін айқындау, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде проблемалық мәселелерді анықтау болып табылады.

Жобаны іске асыру барысында келесі негізгі міндеттер шешілді. Көрсетілетін қызметті алушылар үшін салалық бағыттар бойынша мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасы, қолжетімділігі (ашықтығы, жағдайлардың жайлылығы) және тәртібі туралы ақпарат алынды және жинақталды. Бұл ретте, мониторинг қорытындылары бойынша алынған балдар негізінде мемлекеттік органдар мен өңірлерді мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы бойынша саралау жүргізілді. Мемлекеттік қызмет көрсететін қызмет берушілердің құзыреттілігі анықталды, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде проблемалық мәселелер, оның ішінде әкімшілік кедергілер анықталды.

Сонымен қатар, көрсетілетін қызметті берушілерге деген сенім және оларды алу кезіндегі әлеуметтік шиеленіс деңгейі зерделенді. Сондай-ақ, халықтың нақты мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде өңірлер бөлінісінде, мемлекеттік органдарды пайыздық арақатынаста алу бойынша хабардарлық деңгейі айқындалды.

2020 жылғы 17 қазан мен 18 желтоқсан аралығында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін
70 бекітілген мемлекеттік қызмет бойынша 9181 қызмет алушылардың қатысуымен жаппай сауалнама жүргізу негізінде қоғамдық мониторинг ұйымдастырылды (Қарағанды облысы бойынша 549 (6%) қызмет алушы сауалнамаға қатысқан).

Сауалнамаға Республика бойынша 17 өңірден, 267-ден астам елді мекендердің қызмет алушылары, сондай-ақ, басқа елдердің тұрғындары да қатысты. Сауалнамаға қатысушылардың 23,3 % ауылдық жерлердің қызмет алушылары болып табылады.

Гендерлік тұрғыдан қарағанда сұралғандардың басым бөлігі әйелдер – 55,5% , ерлер – 44,5% құрайды.

2020 жылғы Республикалық  мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша – 4,58 тең (жоғары балл - 5), қанағаттану деңгейі 75,1% құрайды.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау бойынша жергілікті атқарушы органдардың рейтингін Нұр-Сұлтан мен республикалық маңызы бар қалаларды қоса алғанда, елдің 17 өңірі ұсынды. Бірінші орынды Түркістан облысы (4,78 балл, қанағаттану деңгейі - 83,6%), одан кейін Атырау және Павлодар облыстары орналасқан. Қарағанды облысы 14 орында
(4,58 балл, қанағаттану деңгейі – 74%) орналасқан.

Қарағанды облысы нәтижелерін 2019 жылмен салыстырғанда біршама төмендеу байқалады. Атап өтетін жағдай былтырғы жылы Қарағанды облысы 3 орынды (4,85 балл, қанағаттану деңгейі – 79%) иеленген болатын. 

Өңірлер рейтингінің аутсайдерлері Алматы қаласы, Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы (4,54 балл, қанағаттану деңгейі-72,9%) соңғы орындарда орналасқан.

ЖАО-мен ұсынылатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жоғары қанағаттану деңгейінде «Азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды беру» (4,81 балл, қанағаттану деңгейі – 85%), «Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау» (4,79 балл, қанағаттану деңгейі – 84,9%), «Есту кемістігі бар мүгедектерді жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етуге мүгедектерге құжаттарды ресімдеу» (4,77 балл, қанағаттану деңгейі – 81,1%)
және т.б. мемлекеттік қызметтер орналасқан.

Ал төмен қанағаттану деңгейінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» (4,58 балл, қанағаттану деңгейі – 77%), «Жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату» (4,56 балл, қанағаттану деңгейі – 68,7%),  «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» (4,45 балл, қанағаттану деңгейі – 67,4%) мемлекеттік қызметтері орналасқан.

Бүгінгі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын артыру жұмысында бірқатар жағымды нәтижелерің бар екендігін, бірақ аталмыш бағытта жұмыстардың өз жалғасын табу қажеттілігін атап өту қажет.

 

 

ҚР МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Г.Медеуова