Қарағанды облысының ауыл тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келеді. Осакаров ауданында осы бастама аясында «Таза аула – таза ауыл» атты байқау ұйымдастырылды. Ең таза және көрікті аула атағына таласуға көптеген ауылдықтар ниет білдірді. Арнайы комиссия ауданның барлық ауылдық округтерін аралап, аулалар мен көшелердің абаттандырылу деңгейін бағалады.

– «Ең үздік аула», «Ең үздік үй» байқауы – «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды қадамның бірі. Негізгі мақсат – аулаларымызды жайлы, әсем әрі көгалды ету. Әрбір қатысушы ауданның көрікті келбетін қалыптастыруға өз үлесін қосып, ортақ іске атсалысу мен әр адамның жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – деді марапаттау рәсімінде Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.

Әкім қатысушыларға белсенділігі мен азаматтық ұстанымы үшін ризашылығын білдіріп, байқауды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Приишим ауылының тұрғыны Надежда Карапиди иеленді. Екінші орын Молодёжный елді мекенінен Наталья Локазюкке бұйырды. Ал үшінші орынды Есіл ауылынан Василий Угланов пен Нәни Құзғанбаева бөлісті.

– Әрқашан өз ауламызды таза әрі көрікті ұстауға тырысамыз. Жыл сайын отбасымызбен көбірек гүл егіп, айналаны күтімде ұстаймыз. Еңбегіміздің еленіп, бағаланғаны біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Надежда Карапиди.

«Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Озёрный ауылдық округі жеңімпаз деп танылды.

Мұндай байқаулар экологиялық мәдениетті дамытуға және тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етеді.