ХҚКО мобильді қосымшасымен арнайы ХҚКО-да алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру жеңілдетілді.
Енді азаматтар мұны қосымшаның «Бейне қызметі» батырмасы арқылы онлайн жасай алады.
Бұған дейін теорияны тапсыру үшін көрсетілетін қызметті алушы мамандандырылған ХҚКО-ға келіп, талон алып, кезекте тұруы, оператордан өтініш беріп, содан кейін ғана емтихан сыныбына өтуі қажет болатын. Енді бұл кезеңдерден өтудің қажеті жоқ. Клиент алдын ала бекітілген уақытта теориялық емтиханға тікелей келе алады. Ал теорияны сәтті тапсырғаннан кейін «ХҚКО» қосымшасы арқылы тәжірибелік емтиханға кезекке жазыла алады.
Бейне қоңырау арқылы кезекке тапсырыс беріп қана қоймай, жүргізуші куәлігін алу үшін құжаттардың сканерленген көшірмелерін де бере алады. Оның ішінде медициналық анықтама, қызмет алушының фотосуреті, қойылған қолының үлгісі, автомектепті аяқтаған болса, оқығаны туралы анықтама, мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек бар. Барлық құжаттар диалогтық терезеде тіркелуі керек.
Арнайы ХҚКО кезегін брондаудың жаңа тәсілі Қазақстанда танымал. Іске қосылған сәттен бастап ел өңірлерінде мамандандырылған ХҚКО-ларда емтихан тапсыру кезегін брондауға 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті.
Қолданбаны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады. Оны 350 мыңға жуық қолданушы орнатқан.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ақпараты бойынша