Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары С.Ж. Шайдаровтың тапсырмасымен облыстың жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы Арман Ләмбеков Нұра ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша құзіретті мемлекеттік мекемелер басшыларымен кездесу өткізді.

Жиынға Қарағанды облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқарманың бас маманы С.Каппаров, Нұра аудандық жер қатынастары, ауылшаруашылық, ветеринария бөлімдері басшылары және бейнеконференция арқылы ауданның барлық ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.

А. Ләмбеков Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген жыл соңына дейін жергілікті халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында бос тұрған жайылымдарды қайтару жөніндегі тапсырмасының маңыздылығы мен өзектілігін, ол  бойынша атқарылатын жұмыстарды жете түсіндірді.

Басқарма басшысы жиналысқа қатысушыларды Жер кодексіне енгізілген өзгерістермен таныстыра келе, – Жергілікті атқарушы органдарға халықтың жайылымдық алқаптарға мұқтаждығын қамтамасыз ету жөніндегі барлық құралдар берілген, тиісті заңнамалық негіздер бар, алайда бұл проблема көбінесе әкімдіктер деңгейінде қолданыстағы заңдар мен ережелерді толық іске асырмаудан туындап отыр, – деп атап өтті.

– Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 17 бабына сәйкес Жайылымдық жерді басқару жоспары аудандық маслихаттарда уақытында бекітіліп, ол бойынша атқарылған жұмыстар туралы жергілікті атқарушы биліктің есебі депутатар тарапынан талқыланып, қатаң бақылауға алынса, пайдаланылмай жатқан жерлер біршама азаяр еді, – деді Арман Ләмбеков.

Жиналыс барысында қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді.

Жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге деген үлкен қажеттілігін ескере отырып, 2017 жылы Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығы және жергілікті халық үшін жайылымдардың жетіспеушілігі мәселелерін қамтамасыз ететін «Жайылымдар туралы» Заң (бұдан әрі – Заң) қабылданды.

Заңның 15-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес шалғайдағы жайылымдарға ауыстырылады.

Бұдан басқа, 2018 жылғы мамырда Жер кодексіне аналық мал басын күтіп-бағу бойынша жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою бөлігінде түзетулер енгізілді.

 

Қарағанды облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының баспасөз қызметі