2025 жылдың 9 мамырында «Тәуелсіздік» орталық саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл – әрбір азаматтың жүрегінен орын алған, тарихтың мәңгілік парағы болып қалған атаулы күн.
Іс-шараның алғашқы бөлімі Жеңіс мемориалына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Аудан тұрғындары мен қонақтары, ардагерлер, әкімдік өкілдері және жастар мемориалға гүл шоқтарын қойып, ел үшін жанын қиған батырларға тағзым етті. Бұл – ерлікке деген шексіз құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының және мәңгілік алғыстың белгісі болды.
Осыдан кейін барша жиналғандар 1 минут үнсіздікпен майдан даласында мерт болған ерлерді еске алып, бастарын иіп, тағзым етті. Бұл үнсіз сәт — қайғы мен ризашылыққа толы, өткенмен рухани қауышқан, жүрек тебірентер сәтке айналды.
Іс-шараның екінші бөлімінде «Ерлікті жүрек таразысына тартқанда» атты театрландырылған көрініс көрсетілді. Көрініс барысында соғыс жылдарының азабы мен аналардың зары, боздақтарды күткен халықтың үміті мен қайғысы, майдандағы ерліктер шынайы көрініс тапты. Көрермендер соғыс алаңындағы батырлықты, үйде қалған аналар мен сүйген жарлардың сағынышын терең сезінді. Музыкалық сүйемел, поэтикалық монологтар мен әсерлі сахналар көрерменге үлкен әсер қалдырды.
Шара соңында шырқалған «Жеңіс күні» әні барлық қатысушылардың жүрегін біріктіріп, рухты көтерген шын мәніндегі ұлы сәтке айналды. Бұл күн – өткенге тағзым ғана емес, бейбіт өмірдің құндылығын ұғындыру, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру миссиясын атқарды.