СОҒЫС АРДАГЕРІ ҚҰРМЕТІНЕ ТАРИХ КАБИНЕТІН АШУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

СОҒЫС АРДАГЕРІ ҚҰРМЕТІНЕ ТАРИХ КАБИНЕТІН АШУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Кәрім Мыңбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте тарихшы-ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі Бейсекеев Берген Бейсекейұлы атындағы тарих кабинетін ашу салтанаты өтті.

Аталған шараға Нұра ауданының әкімі Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Кобжанов Нүркен Сайфитдинұлы, аудандық мекеме басшылары, мектеп ұстаздары мен оқушылары, сондай-ақ Берген Бейсекеевичтің ұрпақтары қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі мен облыстық мәслихат төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолына тоқталды. Өз кезегінде ардагер-ұстаздың ұлы Ғалым Бейсекеев ата-анасына деген құрмет пен алғысын білдіріп, жиналғандарға ризашылығын жеткізді.

Берген Бейсекейұлының есімімен аталған тарих кабинеті — өскелең ұрпақтың өткен тарихқа деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуына мүмкіндік беретін тағылым ордасы болмақ. Кабинетте ғылыми жобалар, зияткерлік сайыстар және танымдық сабақтар өткізу жоспарланып отыр.

Іс-шара барысында ақсақал батасын беріп, ізгі тілектер айтылды. Мектеп ұжымы мен қонақтар жаңа кабинетпен танысып, кабинет экспозициясы таныстырылды.

Мұндай шаралар арқылы жас ұрпаққа тарихи мұраны насихаттап, ұстаз еңбегіне деген құрметті арттыру – білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі.