Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Жүнісбеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтұлымен бірге тыл еңбеккері Қазимова Марияға Кәрім Мыңбаев ауылына арнайы барып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай құттықтау сөздерін білдірді.
Аудан басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Қазимова Марияға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» атты бірыңғай мерейтойлық медальді табыстады. Бұл марапат – тыл еңбеккерінің Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен ерен ерлігінің айғағы.
Кездесу барысында аудан басшылары ардақты анаға шын жүректен ізгі тілектерін арнап, зор денсаулық, береке-бірлік пен ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар, гүл шоқтары, естелік сыйлық және азық-түлік себеті табысталды.
Мұндай шаралар – аға буын өкілдеріне көрсетілетін құрмет пен тағзымның жарқын үлгісі. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас буынды елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.