КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ ЖИНАЛЫС ӨТТІ

КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, білім беру және мәдениет салаларындағы инфрақұрылым нысандарын жөндеу жұмыстарының барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Аудан басшысы бұл бағытта белгіленген мерзімдер мен сапа талаптарының қатаң сақталуын тапсырды. Әсіресе, жаңа оқу жылына дейін білім нысандарын толық дайын ету – басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Сонымен қатар, мәдениет ошақтарының жөндеу жұмыстары жергілікті тұрғындардың рухани сұранысын ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс екені айтылды.

Өрт қауіпті маусымның басталуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да күн тәртібінен тыс қалмады. Әкім тиісті мекеме басшылары мен ауыл, ауылдық округ және кент әкімдеріне табиғи өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтуді және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының ауданда жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Бұл ретте елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері қозғалды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың тек науқандық емес, жүйелі түрде жүргізілуі керектігін атап өтті.

Сондай-ақ, коммуналдық қызмет сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілетіні айтылды. Құрылыс бөлімінің іске асырып жатқан жобалары мен жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу барысы да назардан тыс қалмады. Бұл жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігіне ерекше мән берілуде.

Инвестиция тарту мәселесінде биылғы жылы қол жеткізілген көрсеткіштер мен жоспарлар тыңдалып, алдағы кезеңде бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізу тапсырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де ерекше бақылауда тұр. Сауда нүктелеріндегі бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – жауапты мекемелердің басты міндеті ретінде қойылды. Аудан әкімі ауыл әкімдеріне ауылдық елді мекендерде баға тұрақтылығын сақтау мәселесін бақылауда ұстауды жүктеді.

Ақпараттық саясат пен бұқаралық коммуникациялар саласында халықты дер кезінде және шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі баса айтылды. Аудан бойынша тұрғындар арасында жиі қойылатын сұрақтар қарастырылды.

Жиын соңында аудан басшысы барлық бөлім басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді. Барлық жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауданның тұрақты дамуына бағытталуы тиіс екені атап өтілді.